Қазақстандық кеденшілер «Баку-Ақтау» әуерейсі жолаушысынан діни мазмұндағы 300-ден астам әдебиет тапты

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - «Баку-Ақтау» әуерейсі жолаушысының жүгінен діни мазмұндағы 300-ден астам кітап табылды.

Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ақтау халықаралық әуежайында контрабандаға қарсы күрес басқармасының және «Әуежай-Ақтау» кеден бекетінің қызметкерлері кедендік тексеруді өткізу барысында «Баку-Ақтау» әуерейсі жолаушысының жолжүгінен діни мазмұндағы кітаптарды анықтады. Ол ҚР азаматы, 1989 жылы туған, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе кентінің тұрғыны болып шықты.

Тінту барысында араб тіліндегі 300-ден астам кітап тәркіленді. Сараптама тағайындалды. Кітаптардың мазмұны айқындалған соң, тиісті процессуалды шешім қабылданатын болады.