Қазақстандық «Келін» фильмі Оскар жүлдесінің жартылай финалына шықты

АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - «Оскар» жүлдесінен үміткер «Келін» фильмі киноакадемия мүшелерінің шешімімен жартылай финалға өтті. «Үздік шетелдік фильм» аталымы бойынша тағы сегіз кинокартина іріктелініп алынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Осыған дейін де хабарланғандай, осы номинацияға әлемнің 65 елінен кино туындылар келіп түскен болатын. Солардың қатарында Ермек Тұрсыновтың қоғамда үлкен пікірталас тудырған «Келін» фильмі мен Ресейдің Карен Шахназаров түсірген «Палата №6» фильмі де бар еді.

Соныман жартылай финалға тоғыз кинотуынды «Үздік шетелдік фильм» аталымы бойынша өтіп отыр: Қазақстаннан «Келін», Аргентинадан «El Secreto de Sus Ojos», Австралиядан «Samson & Delilah», Болгариядан «The World is Big and Salvation Lurks Around the Corner», Франциядан «Un Prophete», Перуден «La teta asustada», Израильден «Ajami», Нидерландыдан «Oorlogswinter» және Австриядан «Ақ лента».

Оскардың ақтық кезеңіне осы тоғыз фильмнің тек бесеуі ғана өтеді. Номинанттардың тізімі үстіміздегі жылдың 2 ақпанында жария етілмек. Ал жеңімпаздар 7 наурыз күні жүлдені салтанатты табыстау рәсімінде белгілі болады.