Қазақстандық кезекті қауіпті рекордына дайындалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық рекордшы Сергей Цырульников кезекті рекордына дайындалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздермен бөлісейін деп едім: маған тәуекелі жоғары авантюра ұсынылды. Бір жағынан, бұл өте керемет! Екінші жағынан, бұл өте қауіпті, жарақат пен ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін. Маған 25 жылытқыны (ішіне су құйылатын медициналық резеңке ыдыс) үрлеп, жаруды ұсынып жатыр», - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасында.

Балуанның айтуынша, бесінші жылытқыдан кейін оттегі жетіспеушілігі туындайтындықтан, бұл трюк, тіпті дайындалған атлет үшін де өте қауіпті.

«Қателік жіберсең, соңы жақсылықпен аяқталмауы мүмкін. 25 дана! Мен жаттығуда 14-ке дейін барғанмын. Өте қиын болды. 25 шарды жарылғанша үрлегеніңізді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ал мұнда шардың орнында жылытқы! Сіздер не деп ойлайсыздар? Мен оған келістім. Ал енді жаттығуды бастаймын», - дейді рекордсмен.

Еске сала кетейік, биылғы мамыр айында Астанада Сергей Цырульников салмағы 148 тонналық вагон тіркеулі тепловозды бірнеше метрге сүйреп, рекорд орнатқан болатын.

Сергей тулаған аттарды ұстап тұру, жылытқыларды үрлеп жару сияқты көптеген рекордтардың иесі. 2018 жылғы маусым айында ол көкке көтеріліп жатқан әрқайсысы 800 келілік екі ұшақты ұстап тұрған болатын. Ол жолы қазақстандық рекордтар кітабының өкілдерін шақырмаған, оның ерлігін жолдастары камераға түсіріп алған еді.