Қазақстандық кинематографистер Голливуд пен Еуропаның режиссерларымен бірге кино түсіруге ниетті

None
АЛМАТЫ. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда  17-22 қыркүйек күндері өтетін VIII «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің қазылар алқасына Вольфганг Петерсон төрағалық етпек.

Бұл туралы кинофестивалді ұйымдастырушылар бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Еуразия» кинофестивалін біз бірінші кезекте қазақстандық кинематографистер үшін жаңа кеңістіктер ашып беру мақсатында пайдаланғалы отырмыз. Оған әлемдік киноиндустрияда табысты жұмыс істеп жатқан халықаралық, әлемдік деңгейдегі негізгі институттардың көпшілігі келеді. Біз олармен өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімшарттарға қол қойсақ, Голливуд пен Еуропадағы режиссерлармен, ұлттық   қорлармен бірлесіп кино түсіруге жаңа мүмкіншіліктер ашылады», - дейді «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің президенті Ермек Аманшаев.

Оның айтуынша, бұл шара еліміздегі кино өндірісінің бүгінгі таңдағы даму деңгейінің көрсеткіші болмақ. Байқауға қатысатын кинокартиналардың тізімі 15 тамыз күні белгілі болмақ. Бұл туралы фестивалдің сайтынан (www.eurasiaiff.kz ) білуге болады.