Бүгін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына ШҰАА ақпарат, баспасөз және телерадио басқарма басшысы Уан Шычен бастаған бір топ қытай кинематографистері келді.
Қытай кинематографистерін «Қазақфильмнің» Эксперттік кеңесінің тең төрағасы Бекболат Шекеров және қазақ киносының мэтрлері Асанәлі Әшімов, Сатыбалды Нарымбетов сияқты белгілі кинематографистер қарсы алды. Қытайдан келген қонақтарға киностудия аумағында экскурсия жасалды.
Оларға «Қазақ хандығы» сериалының декорациясы, түсірілім алаңдары, костюм қоймасы, таспа-зертханалық кешені көрсетілді.
Сондай-ақ қонақтарға қазір өндірісте жүріп жатқан «Мұзбалақ» толық метражды анимациялық фильмінің трейлері көрсетілді.
«Қазақфильм» киностудиясына қонаққа келгендеріңізге қуаныштымыз. Өздеріңіз білетіндей, 9 маусым күні Қытай баспасөз, кино, радио және телекөрсетілім мәселелері бойынша мемлекеттік әкімшілік пен Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министірлігі арасында кино өндіріс саласы бойынша Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат бойынша біздің мемлекеттердің киноматографистері бірлескен жобалар жасауға мүмкіндік алады. «Қазақфильм» киностудиясында «Композитор» атты Қазақстан-Қытай бірлескен жобасын жүзеге асыра бастағанын айтқым келеді. Бұл жоба екі ел киноматографистері арасындағы алтын көпір болады деп үміттенемін», - деді, «Қазақфильмнің» Эксперттік кеңесінің тең төрағасы Бекболат Шекеров.
Өз кезегінде, ШҰАА ақпарат, баспасөз және телерадио басқарма басшысы Уан Шычен қазақстандық кинематографистерге құрмет көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
«Бізге тарихы мол киностудияны көруге мүмкіндікті бергендеріңізге алғыс білдіреміз және біз бірлескен жобалар туралы сіздердің ұсыныстарыңызды қарастыруға дайын екенімізді атап өткім келеді», - деді Уан Шычен.
Дөңгелек үстел барысында әріптестер Қазақстан мен Қытай кинематографиясындағы мәселелер мен жетістіктер туралы пікір алмасты. Кинодраматург Нұрлан Санжар қытайлық әріптестеріне Жібек жолы туралы жоба жасауға ұсыныс тастады. Ұлты қазақ қытайлық актер Данияр Толқын «Қазақфильмнің» «Тұмар» кинокартинасының кастингіне қатысып үлгерді.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 10 маусымында Алматы қаласында Қытай кинофестивалі аясында «Kinopark 11 IMAX 3D» кинотеатрында Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы киносы күндерінің салтанатты ашылуы болды.
Алматыда өткен іс-шараға Қытайдан үлкен делегация келді, олардың ішінде: ШҰАА ақпарат, баспасөз және телерадио басқарма басшысының орынбасары Лю Е, «Шыңжаң» киностудиясының басшысының орынбасары Мұрат Мәмет, продюсер Табыс Жақия, актерлер: Данияр Толқын, Құндыз-ай Таш, Абдукерім Аблиз, Ділшат Барат және басқалар бар.
Шыңжаң киносы күндерінің ашылуында «Ақшаның әлегі» кинокомедиясы көрсетілді. Сондай ақ, іс-шара аясында 15 мен 28 маусым аралығында тағы да үш кинокартина көрсетіледі: «Арман асуы» (реж. Су Лей); «Гүлбике» және «Шынайы махаббат» (реж. Шерзат Яқұб).
Кино көрсетілімдері Есентай сауда орталығындағы «Kinopark 11» IMAX 3D» кинозалында өтеді. Кірем деушілерге есік ашық.