Қазақстандық клубтар Еуропа лигасында «Зенит» және «Миланмен» ойнауы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы» клубтарының жолы түйісуі мүмкін командалар белгілі болды, деп хабарлайды Sports.kz.

Айта кетейік, Еуропа лигасының 2017/18 жылғы маусымында қазақстандық клубтардың ішінде «Қайраттың» клубтық коэффициенті ең жоғары - 5.550, алайда оның өзі турнирдің іріктелген командаларының қатарына қосыла алмайды. Сәйкесінше, «Ертіс» пен «Ордабасы» да үшінші раундқа өткен күннің өзінде үздіктер қатарына ілікпейді.

Ықтимал қарсыластарының (жоғары коэффициенттен бастап) тізімі мынадай: «Зенит» (Ресей), «Атлетик» (Испания), «Фенербахче» (Түркия), «Спарта» (Чехия), «Милан» (Италия), ПСВ (Нидерланды), «Брага» (Португалия), «Гент» (Бельгия), ПАОК (Греция), «Краснодар» (Ресей), «Бордо» (Франция), «Эвертон» (Англия), «Марсель» (Франция), «Динамо Загреб» (Хорватия), «Фрайбург» (Германия), «Аустрия» (Аустрия), «Панатинаикос» (Греция) және «Маритиму» (Португалия). Қалған әлеуетті қарсыластар кейінірек белгілі болады.

Алайда, қазақстандық командалардың алдында үшінші іріктеу раундына шығу мәселесі тұр: Мәселен, «Атлантасты» тас-талқан етіп жеңген «Қайрат» албаниялық «Скендербеумен» кездесу жайлы жоспарлай берсе болады, ал «Дунайды» минималды есеппен жеңген  «Ертіс» пен «Широки Бриегтен» ұтылған «Ордабасының» үшінші кезең туралы ойлауына әлі ертрек. Алда қарымта кездесулер тұр. Алайда, бұл сыннан сәтті өтсе, «Ертіс» сербиялық «Црвеная Звездамен», ал «Ордабасы» шотландиялық «Абердинмен» бақ сынайды.