АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Астана» мен «Тобыл» командаларының еурокубок ойындарындағы қарымта кездесулеріне төрешілер белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында елордалық «Астана» 19 шілдеде сырт алаңда Грузияның «Динамо Тбилиси» командасымен қарымта ойын өткізеді.
Кездесуге англиялық Стюарт Эттуэлл бас төреші ретінде бекітілген. Оған отандастары Стюарт Бэрт пен Нил Дэвис көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де - англиялық Джон Брукс.
Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде 1:1 есебі тіркелді.
Сондай-ақ, Конференция лигасы бірінші іріктеу сатысында сынға түсіп жатқан «Тобыл» 20 шілдеде сырт алаңда Финляндияның «Хонка» клубымен шеберлік байқасады.
Кездесуде Лазар Лукич бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Драган Богичевич пен Боян Банович көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі Никола Джорджевич.
Алғашқы ойында «Тобыл» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.