Қазақстандық көкпаршы Қырғызстанда «Көкпардың үздік ойыншысы» атанды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкек қаласында Қазақстан Ұлттық құрама командасының жəне «Əулие-Ата» командасының жас шабандозы Құрманбек Тұрғанбек «Көкпар ойынының Ұлы үздік ойыншысы» номинациясын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы Шолпан Атадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында көкпардан өткен жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының жəне «Əулие-Ата» командасының жас шабандозы Құрманбек Тұрғанбек «Көкпар ойынының Ұлы (үздік) ойыншысы» номинациясына ие болды. Спортшыға номинация бүгін, яғни 18 қаңтар күні Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында табысталды», - делінген «Әулие-Ата» ат спорты клубының Инстагрампарақшасында.

Айта кетсек, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама сапында Құрманбек шеберлігімен ерекшеленіп, ең көп салым (37 салым) салған үздік ойыншы атанды.

«Марапаттау рəсімінің ұйымдастырушылары мен Қырғызстан Республикасының «Көкбөру» федерациясына, қырғыз бауырларға «Əулие-Ата» командасы атынан алғысымызды білдіреміз. Ұлттық спортымыз ұлықталып, батыр ұлдарымыздың тақымы талмасын», - делінген ат спорты клубының парақшасында.

Еске сала кетсек, Қырғыз Республикасында өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алған болатын.

Соңғы жаңалықтар