Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин «E-commerc Forum» атты электронды сауданы дамытуға арналған форумға қатысушыларға жолдаған құттықтауында айтты.
«2019 жылы электронды сауданың үлесі 3,7 пайыз болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша аталмыш көрсеткіш 9,6 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш тұтынушылардың уақытын үнемдеуге, тауар мен қызмет сатып алу процесін оңтайландыруға деген талпынысын айқын көрсетеді. Бизнестің мүддесінен қарасақ, онлайн сауда алыс-берістің ауқымын кеңейтуге және шығындарды азайтуға тиімді», - деді министр.
Вице-премьер бүгінде қазақстандық бизнестің «Amazon», «Alibaba», «eBay», «Wildberries» сияқты әлемдік сауда алаңдарына шығатын мүмкіндігі бар екенін еске салды.
«Биыл Alibaba маркет плейсінде Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Мұнда 130 қазақстандық компания 7,5 мыңнан астам тауар түрін сатуға мүмкіндік алып отыр. Аталған компаниялардың Alibaba платформасы арқылы сатқан тауарының жалпы құны 167,7 млн долларға жетті. Географиялық орнының арқасында еліміздің әлемдік сауда айналымында, электронды саудада сенімді транзиттік хабқа айналып, жетекші рөлге ие болатын мүмкіндігі бар», - деп түйіндеді Серік Жұманғарин.