Sport.kz сайтының ақпараты бойынша, конькиші Дмитрий Бабенко жаттықтырушылар мен жанкүйерлерді риза етіп отыр. Қазақстандық 5 мың метрлік қашықтықта алтыншы жұпта шықты. Нәтижесінде көмбеге 15-ші болып келді. Бір қарағанда, онша жоғары орын емес, дегенмен Ванкувер әлемнің «желаяқ» конькишілерін жинап отырғанын ескерсек, Диманың көрсеткіші көңілге дем боларлық. Ал жарыс жеңімпазы - өзінің олимпиадалық рекордын жаңартқан тәжірибелі голландтық Свен Крамерге, біздің жерлесіміз 15 секундтай есе жіберді. Бірақ қалай дегенде де, біздің спортшымыздың жетістігі жаман емес.
Могулде өнер көрсеткен фристайл шеберлері де қуантып отыр. Екі спортшы қызымыз да финалға өтіп, 15 үздік спортшының қатарына кірді. Юлия Галышева - 11-ші нәтиже көрсетсе, оның командалас құрбысы Дарья Рыбалова 14-ші орынды қанағат тұтты.