Қазақстандық курсант Ресейдің үздік садақшылары қатарына енді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық курсант Алмас Ұлдарбеков «классикалық садақ ату-жастар» санатындағы садақ ату бойынша Ресей Федерациясындағы біріншіліктен сәтті шығып, үздік садақшылар қатарынан табылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жарыс барысында Алмас Ресейдің барлық өңірлерінен келген мықты қарсыластарынан басып озып, өз санаты бойынша айтарлықтай жоғарғы нәтижелер көрсетті. Жарыстың қорытындысы бойынша барлығы 464 балл жинап нәтижесінде Ресейдің ТОП-40 үздік садақшылары тізіміне енді.

Қазіргі кезде Алмас армия генералы В.Ф.Маргелов атындағы Рязанск жоғарғы әуе-десанты училищесінің «әуе-десанты әскерлерінде бөлімше байланысын қолдану» мамандығында екінші курста оқиды. Ол садақ ату бойынша сайысқа оқу орнының атынан ұдайы қатысады. Осы орайда спорттағы шеберлігін жетілдіруге оған үздіксіз жаттығулар көмектеседі. Оқыту аяқталған соң Қазақстанға келіп садақ ату бойынша еліміздің атынан халықаралық деңгейдегі жарыстарда қатысып, Қазақстанның Қарулы Күштерінің абыройын қорғайтын болады.