Қазақстандық құрыш қалай шынықты - тарих белестері
басталды, осында президенттік мінезі қалыптасып, шынықты. «Теміртау - менің бесігім», «Металлургия - менің басты университеттерім», деп Н.Назарбаев әр кезде де мақтанышпен еске алады. Металлургтер арасында Мемлекет басшысының көптеген достары мен серіктері бар. Президент Магнитканы салып, өркендеткен олармен жүздесуге әрқашан да қуанышты. Жарты ғасыр бұрынғы тарихи оқиға жөнінде Магнитка ардагерлері әңгімелейді.
Алдымен оқиғаның бастауларына көз жүгіртейік. Орталық Қазақстанда үлкен металлургия зауытының құрылысын салу идеясы 1930 жылдары пайда болған еді. Бұл мәселені геолог-ғалымдар Қ.Сәтбаев, М.Русаков, А.Сперанский әлденеше рет көтерді, алайда ол кезеңде шикізат базасы әлі нашар зерттелген еді.1940 жылы қазанда Қара металлургия Халық комиссариаты «Қазақ КСР-інде металургия зауытын салудың әзірлік жұмыстары туралы» құжат жасап, онда 1942 жылғы мамырдың 1-іне дейін кен-руда кәсіпорындарын құруға мүмкіндік беретін темір рудалары кенішін барлау қажеттігі, металлургиялық зауыт салу туралы ұсыныстар беру көрсетілген болатын. Алайда соғыс басталып кетуі бұл жобаға түзетулер енгізді. Теміртауда металлургия зауытын салу туралы алғашқы үкімет құжатына 1942 жылғы сәуірдің 25-інде қол қойылды. Ал 1943 жылдың мамырында бүкілхалықтық құрылыс деп жарияланған Қазақ металлургия зауытын салу жұмыстары басталды.
1957 жылғы желтоқсанда алғашқы домна пешінің іргестасын қалау рәсімі болды. Бұдан кейін Қазақстандық Магнитка Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланды. Бұл шақыруға Кеңес Одағының барлық түпкірінен комсомолдық жолдамамен мыңдаған жігіттер мен қыздар ағылды.
Солардың ішінде алғашқы эшалонмен жеткендердің бірі Нұрсұлтан Назарбаев болды. Ол әуелі бетон құюшы болып жұмысын бастады, содан кейін ең қиын кәсіпті игеріп, домна пешінің қасынан орын алды.
Металлургиялық комбинаттың құрылысы және қалыптасуы туралы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның құрыш бейнесі» кітабында өз естеліктерімен бөліседі:
«...Жан-жағы самосвалдар айырып тастаған батпақ қоршаған (онда асфальт әлі салынбаған кез) жастар жатақханасының қызыл бұрышында жүзге тарта жігіттер мен қыздар жиналды. Олар жүрек қалауымен осында Теміртауға шалғайдағы беларус деревнялары мен қазақ ауылдарынан, Украинаның, Оралдың, Повольжьенің, Грузияның қалалары мен ауылдарынан келгендер... Олар жаңа жерде едәуір жұмыс жасап қалды, өздеріне сенімдері нығайды, ұжымның, жолдастарының қолдауына арқа сүйеді. Оның үстіне олар өздерінің болашақ құрылысы туралы білгісі келеді, оның алып ауқымын, бүкіл елдің халық шаруашылығын дамыту үшін оның баға жетпейтін маңызын сезінгісі келеді.
Жастардың осы барлық сұрақтарына «Қазметаллургқұрылыс» тресі партия комитетінің хатшысы Александр Гаврилович Коркин жауап қайтарып отыр. Бәрі де оның алдағы ауқымды жұмысқа деген мақтанышын бөлісуде...
- Сонымен, елде Магнитка болатын болды ғой, - сөйлеушінің сөзін бөлген қатысып отырғандардың бірінің дауысы шықты.
Партком хатшысы сәл ойланып қалды да:
- Дұрыс айтасың, Магнитка. Біздің Қазақстандық ғана...
Бұдан кейін терең шұңқырлар, алғашқы нысандардың іргетасы салына бастады. Солоничкада кірпіш зауыты, өндірістік базаның басқа да кәсіпорындары салына бастады, ал жан-жаққа тарап датқан іс қағаздарында, жеделхаттарда оның атауы «Қазақстандық Магнитка» деп көрсетілген.
...Көптен күткен алғашқы жеңіс те келіп жетті! 1960 жылы шілденің 3-інде №1 домна пеші алғашқы қазақстандық шойынды берді. Бұл күн Қарағанды металлургия комбинатының туған күні болып тарихта қалды.
Қазақстанның болашақ Тұңғыш Президенті көрікші Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істеген №3 бригада алғашқы шойынды өндірді. Алғашқы құймаға домна пешінің бастығы Вадим Романов жетекшілік етті. Аға көрікші Ахат Набиуллин пештің өңешін ашты, астаудың бойымен алғашқы қазақстандық шойын жүре бастады.
- Бұл күн бүкіл Теміртау үшін жалпы мереке болды, - деп еске алады КСРО Құрметті металлургі, «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерінің иегері Владимир Федорович Колбаса. - Митингіге барлық ауысым, құрылысшылар мен монтажшыларқатысты. Ауа қыздырғыштардан шеберханаға дейінгі алаңға, жол бойына және оның маңына адамдар сыймай кетті. Содан кейін екінші және төртінші домна, екі агрофабрика, оттегі-конвертор кешені, ЛПЦ-1, ЛПЦ-2 және басқа да бірқатар нысандар, дегенмен алғашқы қазақстандық шойын қорытылуы өмір бойы есте қалды. 15 сағат 07 минутта домна пешінің өңешінен от шашып, алғашқы қазақстандық шойын астауға құйылғанда, барлық 30-40 мың ізашардың барлығы бірауыздан «ура!» деп ұрандады.
Ардагер Шәміл Бектенов әзірлік жұмысының басы-қасында болып, алғашқы вагон руданы пешке жөнелткен болатын.
- Өте қиын болды. Алғашқы домна пешін толтыру кезінде вагон-өлшегіштер мен екі шұңғыл вагон болды. Әрқайсысы 20 тонналық. Біз вагон-өлшегішті аштық, бірақ руда жүрмей қалды. Бірақ та жағдайды тез түзедік. Домнаға руда берілді, - деп әңгімелейді ол.
«Қазақстандық домнаның тууы - бұл бүкіл кеңес халқының ерлігі, Домна ғана емес, ауыр идустрияның алыбы іске қосылды», - деп жазды елдің бас басылымы «Правда» газеті.
Жарты ғасыр ішінде Қазақстан Магниткасында 173 миллион тонна шойын құйылды, дейді статистика мәліметтері. Алайда басты байлық -Магнитка бауырластырған адамдар болатын. Металлургтер қашан да елдің тірегі болып келеді.
Мерекелеріңізбен, құрметті металлургтер, келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен!