Қазақстандық құтқарушылар АЭС-дағы апаттарды жоюды үйренбек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильиннің айтуынша, алдағы уақытта қазақстандық құтқарушылар атом электрстанцияларда болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған оқу-жаттығуларға қатысады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында біз Беларусь елінің шақыруымен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының отырысына қатысамыз. Оған Ресей де келеді. Сол отырыстың аясында атом электрстанциядағы апатты жоюға арналған оқу-жаттығулар өтеді. Себебі қазіргі кезде ондай нысан Беларусь жерінде салынып жатыр. Енді, бізде атом электрстанциясы жоқ. Дегенмен, тәжірибе жинақтау қажет. Өйткені басқа елдерге көмек керек болып қалуы әбден мүмкін», - деді Ильин бүгін Астанадағы Қазақстан, Ресей мен Беларусьтың төтенше жағдайлар ведомстволарының бірлескен отырысы аясында.

Айта кетейік, Қазақстанда атом электрстанциясын салу мәселесі жан-жақты зерделеніп жатыр. ҚР Энергетика министрлігі қуат көздерін тұтыну көлемінің артуына байланысты осы мәселені жан-жақты зерттеп шықты. Алдағы уақытта атом электрстанциясына үлкен қажеттілік болмайды. Дегенмен, экологиялық қауіпсіз энергетиканы құру жағынан аталған жобаны іске асырған жөн.