Қазақстандық қызметтер төрт күнде 900 келіге жуық есірткі заттарын тәркіледі

None
МӘСКЕУ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Қазақстанда төрт тәуліктің ішінде 900 келіге жуық есірткі заттары заңсыз айналымнан алынды.

«Арна-Оңтүстік» аймақтық есірткіге қарсы операциясының қорытындысына арналған «Мәскеу-Душанбе» бейнекөпірінің барысында бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілі Алтай Башанов Душанбеден хабарлады.

Операцияның аясында қазақстандық тарап атқарған іс-шаралардың қорытындысы туралы баян еткен ол, осы операцияға байланысты республикада Ішкі істер министрлігі, шекара және кеден қызметтері, қаржы полициясы өкілдерінен ұлттық ведомствоаралық жедел штаб құрылғанын мәлім етті. Операцияның қазақстандық сегментіне барлығы 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды.

«247 жедел топ, автокөлік жолдары мен шекара аумақтарын, теміржол және әуе көліктерін тексеру үшін 193 бақылау бекеттері құрылды. Нәтижесінде 900 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде, 6,5 келі гашиш, 7 келіге жуық героин бар. 133 қылмыс анықталды, оның 23-і - есірткі сатумен, 8 оқиғасы- есірткі контрабандасымен байланысты. Заңсыз есірткі саудасы үшін 182 адам ұсталды», деп хабарлады А.Башанов.

Қазақстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің арнаулы қызметтері мен құқық қорғау органдары қыркүйектің 13-16-сы аралығында «Арна-Оңтүстік» аймақтық есірткіге қарсы операциясын өткізгенін ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын. Операцияны өткізудегі мақсат - орталықазиялық өңірдегі есірткі жағдайын тұрақтандыру, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жедел әрекет етуші ұжымдық күштерін пайдалану тетіктерін жасау болды.