Қазақстандық медиа саласында сабақ берушілердің тәжірибесі шыңдалды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік «MediaNet» халықаралық журналистика орталығының ұйымдастыруымен өткен семинар тамыздың 27-сі күні басталған болатын. Шараға орталық жанында жұмыс істейтін медиа мектепте сабақ беруші 11 медиа жаттықтырушы қатысты. Бұлардың қатарында «ҚазАқпарат» агенттігі, «Бизнес и власть», «Известия Қазақстан», «Республика», «Фокус» басылымдары, КТК телеарнасы, 31-ші арна, «Кар-Тел» ЖШС-і, ЕҚЫҰ - ның Орталық Азия бойынша құқық мәселелері бойынша өкілдігінің өкілдері бар. Қатысушыларға Қазақстанның Медиа альянсының төрағасы Әділ Жалилов, Freedom House ұйымының атқарушы директоры Вячеслав Абрамов, «MediaNet» халықаралық журналистика орталығының директоры Игорь Братцев заманауи медиа саласында сабақ беру, тренингтер өткізу тәсілдері туралы дәріс өткізді. Әділ Жалиловтың айтуынша, тренингтің мақсаты медиа саласында дәріс берушілердің шоғырын қалыптастыру. «Қазіргі таңда «MediaNet» еліміздегі журналистерге арналған курстар өткізетін жалғыз мектеп. Бұнда жоғары оқу орындарын аяқтаған соң алты айлық курстарда білімін жетілдіру, БАҚ саласында жұмыс істеуге тәжірибе жүзінде дайындық жасауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта тәжірибелі БАҚ-тар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері тартылып, жаттықтырушы ретінде өз тәжірибелерімен бөліседі. Өткен семинар барысында осы жаттықтырушыларға сабақ беру тәсілдері, тренингті тартымды өткізу, өз тәжірибелерін үйрету жолдары түсіндірілді», дейді Әділ Жәлилов.
ҚазАқпарат анықтамасы: «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы 2004 жылы қазақстандық журналистердің бастамасымен құрылған болатын. Негізгі бағыты қазақстандық журналистиканың дамуына үлес қосу, мамандар дайындау, журналист мамандарды біріктіру. Бұл бағытта орталық жанынан 2005 жылы медиа мектеп ашылған. Қазіргі кезге дейін мектеп 200-ден астам БАҚ және PR мамандарын оқыту және қайта дайындауды жүзеге асырған. Қазіргі таңда Қазақстандағы журналист және PR мамандарын қысқа мерізімде дайындауға арналған жалғыз мектеп болып отыр.