Қазақстандық медиатор мамандар АҚШ-та білімін жетілдірмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық медиатор мамандар АҚШ-та біліктілігін жетілдіретін болады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясының халықаралық оқу кафедрасының доценті Марал Әлішева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде медиатор мамандар шиеленіс туындаған жағдайға әзір. Елімізде халық арасында түрлі форматтағы шиеленістер мен түсініспеушілік жағдайлар туындап жатады. Соның ішінде көпке мәлім, елордада бір отбасының бес бірдей баласының өртеніп кеткені, сондай-ақ, көпбалалы аналардың қарсылығы және Қарағандыдағы жағдай тағы сол сияқты. Сондай жағдайда біздің келіссөз жүргізуші мамандар іске кірісіп, мәселені оңтайлы шешуге үлестерін қосты. Қуанышқа орай, бүгінде жағдай тұрақталды. Аталған жағдайдан кейін біз мәселені шешу ғана емес оның алдын алуды қолға алдық. Әрине елде қандай да бір шиелініс туындағанда оның мән жайын қарастыратын құқық қорғау органдары бар. Ал кейбір шиеленістер ұлтаралық мәнге ие, осы жағдайда этно-медиаторлардың рөлі ерекше», - деді Марал Әлішева.

Оның айтуынша, бүгінде отандық мамандардың біліктілігі мен тәжірибесін жетілдіру мәселесі күн тәртібінде тұр.

«Осы орайда біз медитор мамандардың біліктілігін тұрақты түрде көтеріп отырамыз. Яғни шетелдік үздік тәжірибені меңгеріп, мамандарымыз федералдық тергеу бюросы академиясында білімін жетілдіріп жатыр. Сонымен қатар Израилдің арнайы қызметінде болып, біліктілігін арттырған мамандар да бар. Одан бөлек, қазіргі таңда бір топ маманды дағдарыс жағдайында жұмыс істеу біліктілігін арттыру мақсатында АҚШ-қа аттандырғалы жатырмыз», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде этно-медиация орталығын құру жоспарланып жатыр.

Айта кетейік, бүгін елдордада Қазақстан халқы ассамблеясында республикалық медиация кеңесінің отырысы өтті.

Аталған шараға ҚХА-ның мүшелері, құзырлы орган өкілдері мен медиациялық орталық өкілдері қатысты.