Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы» баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Функционалды сауаттылықты дамыту білім-түсіну-қолдану-жүйелеу және жинақтау сияқты критерийлер бойынша оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілдерін талап ететіндігін баса айтқан ол: «Біз мұндай жүйені әлемдік тәжірибені жан-жақты зерттеу арқылы енгіземіз», - деді.
Бұл орайда Б.Жұмағұлов қазіргі уақытта елімізде мектеп оқушыларының білім деңгейін бағалауда қолданылып жүрген жүйедегі 5, 4 және 3 бағалары не үшін қойылатындығы нақты анықталмағандығын баса айтты.
"Сондықтан да біз мектептердегі барлық сыныптар үшін барлық пәндерде әртүрлі деңгейдегі бақылау тапсырмалары жүйесін құруды қолға алдық", - деді министр.