Қазақстандық мемлекеттік қызмет үлгісі әлемдегі ең озық 30 үлгіге жақындады - Ә. Бәйменов

None
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат -Қазақстандық мемлекеттік қызмет үлгісі әлемдегі ең озық 30 мемлекеттік қызмет үлгісіне жақындады.

Бүгін Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі апталық брифингісінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.

«Халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алған Қазақстандағы мемлекеттік қызмет моделі өз деңгейінде қалыптасты. Ал қазіргі жаңа өзгерістермен қазақстандық мемлекеттік қызмет үлгісі әлемдегі ең озық 30 мемлекеттік қызмет үлгісіне жақындап отыр. Бұны сол 30 елдің өкілдерінен тұратын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары да мойындап отыр. Осыны ескере келе, бір жыл бұрын Елбасы Н. Назарбаев Астанада Мемлекеттік қызмет саласындағы озық үлгіні тарататын БҰҰ мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Өңірлік хаб құру туралы бастамасын қолдаған еді», - деді Ә. Бәйменов.

Оның сөзіне қарағанда, Өңірлік хабқа қатысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп, әлемнің бірқатар беделді мемлекеттерімен келісімшарттар жасалған.

«Жалпы бүгінгі күннің өзінде мемлекеттік қызмет саласының қазақстандық үлгісі аймақтағы зор қызығушылыққа ие», - дейді агенттік төрағасы.