АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зухра Ерназарова Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден өтіп жатқан 53-ші әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әйелдер арасында 10 метрден жылжымалы нысана көздеуден финалға қос қазақстандық Зухра Ерназарова мен Александра Сәдуақасова шығып, бас жүлдені өзара сарапқа салды.
Тартысты өткен соңғы бәсекеде Зухра отандасы Александрадан 6:3 есебімен басым түсіп, алтын жүлдені жеңіп алды. А. Сәдуақасоваға күміс, украиналық Галина Авраменкоға қола медаль бұйырды.
Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында үш жүлде бар. Бірнеше күн бұрын стенд атудың трап бағдарламасында Мария Дмитриенко мен Даниил Почивалов миксте үздік үштікке іліккен еді.
Бакудегі әлем біріншілігі 1 қыркүйекте мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).