Қазақстандық музыканттар Берлин халқын тамсандырды

БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Берлинде өтіп жатқан «Young Euro Classiс» танымал классикалық музыка фестивалінің аясында Берлин Концерт залында халық әртісі Айман Мұсақожаеваның жетекшілігімен Қазақ ұлттық өнер университеті оркестрінің концерті өтті.

Мерекелік концертке мыңнан астам қонақ жиналды, олардың арасында Федералдық билік өкілдері мен Бундестаг депутаттары, Берлиннің жергілікті билік жетекшілері, ГФР қоғам және саясат қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, Германияның сарапшы, зиялы қауымы бар. 

Германиядағы ҚР Елшісі Болат Нүсіпов өзінің кіріспе сөзін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады, онда еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген қоғамдық даму, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін атап өтті және Қазақстан-Германия ынтымақтастығының негізгі кезеңдеріне тоқталды.

Классикалық музыка білгірлері оркестр жоғары деңгейде орындаған А.Хачатурян, Ф.Шуберт, А.Қазақбаев, А.Райымқұлова, Р.Әбдісағин секілді композиторлардың туындыларын оң бағалады және кезекті рет Қазақстандағы классикалық музыка мектебі өкілдерінің шеберлігіне тәнті болды.

Жыл сайын Берлинде өтетін «Young Euro Classiс» үздік симфониялық жастар оркестрінің фестивалі биыл 17 тамыз-3 қыркүйек аралығында өтуде, оған дүние жүзінен мың жарымға жуық музыкант қатысып отыр.

Көптеген музыка сыншылары әлемге танымал өнер қайраткері Айман Мұсақожаева басқарған Қазақ ұлттық өнер университетінің фестивальде өнер көрсетуін соны жаңалыққа балап отыр.