Қазақстандық Надежда Ногай ауыр атлетикадан Әлем чемпионы атанды

АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жастар арасында Перудің Лима қаласында өтіп жатқан Әлем чемпонатында жерлесіміз Надежда Ногай серпе және жұлқа көтеру мен қоссайыс қорытындысы бойынша Әлемнің абсолютті чемпионы атанды.

ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсірдің айтуынша, бұл дүбірлі додада ел намысын 2 атлет қорғаған. Олар 69 келі салмақта бақ сынаған Әділбек Балқаев пен Надежда Ногай. Онда Әділбек жұлқа және серпе көтеруде күміс, ал қоссайыс қорытындысы бойынша қола жүлдегер атанды.

«Қазақстан ұлттық құрамасы бұл бәсекеде 1 алтын, 1 қола медаль алуды жоспарлаған болатын. Ол толық орындалды. Спортшылар елге бүгін түнде оралады», - дейді М. Тәпсір.