Мұнда Серік Ахметов жас офицерлермен кездесіп, өз қызметтерін үздік атқарып жүргендерді Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Жас офицерлер алдында сөйлеген сөзінде Қорғаныс министрі олардың алдында Қазақстанның қарулы күштерін нығайту жолындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру міндеті тұрғанын атап өтті.
««Кәсіби кадрлар - Қазақстан қарулы күштерінің жауынгерлік әзірлігінің басты құрамдас бөлігі. Бұл Қорғаныс министрлігінің басшылығы үшін де басымды бағыт. Құрлықтағы әскерлерде соңғы жылдары өте жақсы жоба жүзеге асырылуда. Ол әскери жоғары оқу орындарында оқып жүрген курсанттар арасынан жақсы оқитын және көшбасшылық қасиетке жастарды анықтауға мүмкіндік береді. Және олардың мансап жолына да ықпал етеді. Бұл жоба өзінің қажеттілігін көрсетіп отыр. Біз оны енді басқа да әскерлерде қолданбақ ниеттеміз. Мен Бас штабқа аталмыш жобаны басқа әскерлерге қарасты көптеген әскери жоғары оқу орындарында жүзеге асыруды тапсырдым» - деді өз сөзінде С. Ахметов.
Өз кезегінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақов Құрлықтағы әскерлерде қолданылып жатқан аталмыш жобаның нәтижелері айтарлықтай екендігін жеткізді. Мысалы, жоғары оқу орындарын 2010 жылы бітірген жас офицердердің бүгінде 90 пайыздан астамы рота командирі дәрежесінде қызмет атқарып жүр.
«Кез келген ұжымда көшбасшылар болады. Әрине, әскери жоғары оқу орындарын тамамдап, бізге келіп жатқан жас лейтенанттардың ішінен көшбасшылық қасиетке ие жастар анықталып жатады. Оларды біз қызметін жоғарылату бойынша резервке енгіземіз. Сәйкесінше, олар үнемі бақылауда болады. Рейтинг жүргізіледі. Содан әр жылдың соңында сол рейтинг бойынша өз қызметтерінде жоғары нәтижеге қол жеткізген жас командирлердің қызметтерін жоғарылату бойынша ұсыныстар әзірленеді. Бүгін міне, жас болса да батальон басқарып жүрген жас офицерлерді көрдіңіздер» - деді өз сөзінде Талғат Қойбақов.