Мұндай пікірді білім жетістіктерін бағалау маманы, Дүниежүзілік банк сарапшысы Марк Зельман Қазақстанның 2009, 2012 жылдары қатысқан Халықаралық оқушылардың функционалдық білімділігін бағалау бағдарламасына (PISA - Programme for International Student Assessment) арналған баспасөз мәслихатында білдірді.
«Қазақстандағы оқушылар мәселені шешу жағынан, яғни формула бойынша математикалық тәсілмен көрсете білу бойынша алдыңғы қатарда келе жатыр. Алайда олар сол алынған жауапты өмірмен байланыстыруға келгенде кенже қалады», - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, PISA бойынша 2009 және 2012 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырған кезде, математика мен жаратылыстану саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізілген. Ал мәтін оқу бойынша айтарлықтай алға басушылық байқалмаған.
Сарапшының айтуынша, қазақстандық оқушылар толық мәтіндерді жақсы оқып, жақсы түсіне алады. Алайда үзік мәтіндерді, мәселен диаграммалармен, графикалармен, таблицалармен берілген мәтіндерді қағып алуда осалдық танытады.
«Қазақстан үшін мектеп бағдарламасын оқушылар теориялық білімін тәжірибеде көптеп қолдануға бейімдеп, сыни тұрғыдан ойлауына бағыттау қажет. Қазақстандық мектеп бағдарламасы бүгінгі заман талабына жауап беретіндей білімді әрі зейінді ұрпақ тәрбиелеп шығаруға аздық етеді. Сондықтан қазіргі коммуникацияны, қазіргі білім стандарттарын көптеп қолдану керек», - дейді маман.