«Бүгін, 29 қарашада, Астана уақытымен сағат 15.00-де IEA (International Association for the Evaluation Educational Achievement) Білім беру жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастығы TIMSS- 2015 (Trends in Mathematics and Science Study) зерттеуінің нәтижесі ресми түрде жарияланды. Біздің оқушылар жаратылыстану-математикалық сауаттылығы бойынша Ресеймен салыстырмалы нәтижелер көрсетіп, АҚШ, Англия, Германия, Канада, Автралия, Израиль, Швеция, Дания, Нидерланды, Польша, Чехия, Литва, Малайзия, Түркия және басқа мемлекеттердегі құрдастарынан озып шықты»,-деп атап өтілген ҚР БҒМ Ақпараттық-талдау орталығы мәліметінде.
Атап айтқанда, қазақстандық оқушылардың математикалық-жаратылыстану дайындық нәтижелері халықаралық орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Еліміздің сегізінші сынып оқушыларының математика және жаратылыстану салалары бойынша нәтижелері 39 ел ішінен 7 және 9 орындарды иеленді.
Төртінші сынып оқушыларының орташа көрсеткішінің өсімі TIMSS-2011-мен салыстырғанда жаратылыстану ғылымдары бойынша 55 және математика бойынша 43 ұпайды құрады. Бұл - зерттеуге қатысқан 49 елдің арасынан 8-ші және 12-ші орындар.
TIMSS-2015 зерттеуінің нәтижелері туралы анағұрлым толық ақпарат 2016 жылғы 30 қарашада жарияланатын болады.