Қазақстандық оқушылар шахматтан әлем чемпионатында 10 медаль жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасы шахматтан мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында жоғары нәтижені көрсетті.

Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, Таиландтың Паттайя қаласында 7-14 мамыр аралығында өткен бұл додада еліміздің құрамасы командалық есепте алтын медаль саны бойынша төртінші орынды, сондай-ақ жалпы медаль саны бойынша (10 медаль) 2-3 орынды иеленді.

«Алтын» жүлдеге Әмина Қайырбекова (Астана) мен Жанат Сайын (Орал) қол созды. «Күміс» медальді - Дениз Құрманалина (Алматы) мен Алдияр Аңсат (Астана), және Әмина Қйырбекова иеленсе, ал «қола» жүлде Назерке Нұрғали мен Самал Әбдуәлиге (екеуі де Қызылорда), Қазыбек Нөгербекке (Астана), Арыстанбек Оразаевқа (Ақтөбе) және 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында өнер көрсеткен Алтынай Қожамқұлға бұйырды.

Қазақстанның тағы 18 жас шахматшысы әлемнің мықты оқушылары ондығына (блиц бойынша жарыстарды есепке алғанда) енді.