Қазақстандық оқушылардың білімдегі жетістігіне Халықаралық зерттеу басталды - pm.kz

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанда оқушылардың білім жетістігінің PISA Халықаралық (Programme for International Student Assessment) зерттеуі басталды.

Сәуір айында 15 жастағы қазақстандық білім алушылар PISA-2012 халықаралық салыстырмалы зерттеуіне қатысады. Бұл туралы pm.kz сайтында хабарланды. 

Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты»  атты халыққа Жолдауында 2012-2016 жылдарға арналған білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша Ұлттық жоспарды жасау жүктелді.

Осы жоспар аясында қазақстандық білім алушылардың білім жетістіктерін тәуелсіз бағалау мониторингіне және   Халықаралық салыстырмалы зерттеуіне қатысуы бұл бағыттағы шынайы қадам.

PISA Халықаралық зерттеуінің мақсаты 15 жастағы оқушылардың математикалық сауаттылығын, жаратылыстану мен оқудағы сауаттылығын бағалау болып табылады. Зерттеудің негізі мектептің бағдарламасын меңгеру ғана емес, жеке тұлғаның дамуындағы білімін, танымын  шыңдау, әртүрлі өмірлік жағдайларда  шешім қабылдай алатын  қабілеттерін  дамытуға бағыттау.

Зерттеу кезінде білім алушылардың білім жетістігімен қатар, бағдарламаға қатысатын елдердің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беретін факторлар қарастырылады. Бұл жиынтық сұрақтар арқылы оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудан бастап,  отбасында  баланың дамуына қажетті жағдай жасауға кешенді баға беру болып табылады.

Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бойынша PISA Халықаралық бағдарламасын (Programme for International Student Assessment) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD - Organisation for Economic Cooperation and Development) үйлестіреді. Қазақстан Республикасы Білім ғылым министірлігі Ұлттық білім беру статистикасы және бағалау орталығы зерттеудің Қазақстандағы Ұлттық үйлестірушісі болып табылады.

PISA-2012 Халықаралық зерттеуіне Қазақстаннның 218 білім беру ұйымының 5 мыңнан астам оқушысы қатысады.