Қазақстандық олимпиадашылар «Рио-2016»-ға дайындық жиындарын Бразилияда өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық олимпиадашы-спортшылар Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Ойындарға қатысады. Оған дайындық жиындарын спортшылар Бразилияда өткізеді. Бұл туралы бүгін Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы Тимур Құлыбаев айтты.

"Біздің барлық жұмысымыз Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына дайындыққа арналатын болады. Спортшыларымыз жергілікті ауа райына үйренулері үшін дайындық жиындарын Бразилияда өткіземіз. Өйткені кез келген спортшының нәтижесі оның дайындығына тікелей байланысты. Біз Мәдениет және спорт министрлігімен тығыз байланыс орнатқанбыз. Біздің барлық федерацияларымыздың назарын осыған аударғым келеді", - деп атап өтті ол бүгін өткен жыл сайынғы Конфедерация мүшелерінің жиынында.

Сондай-ақ оның айтуынша, конфедерация биылғы жылды "Спорттық медицинаны дамыту және допингпен күрес жылы" деп жариялаған. Сондықтан төраға ұлттық құрамалардың кешендік ғылыми тексерістен өткізіп отыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Ата кетейік, 2016 жылғы Олимпиада ойындары Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 5-21 тамыз аралығында өтеді.