Қазақстандық олимпиадашылардың кеңес заманындағы жетістіктері

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық спортшылар 1952-1980, 1988 жылдары КСРО құрамында, 1992 жылы ТМД елдері құрамында, ал 1996 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы құрамында Олимпиада ойындарына қатысты.

Биыл Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін XXXI жазғы Олимпиада ойындарына 100-ден астам спортшымыз қатысады. 

Салыстырып қарайтын болсақ, 1972 жылы Мюнхен қаласында өткен XX жазғы Олимпиада ойындарына Қазақ КСР атынан - 6 спортшы, төрт жылдан кейін Монреаль Олимпиадасына - 11 спортшы, ал 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында КСРО құрамасы сапында - 20 отандасымыз қатысып, ел намысын қорғады.

ҚР Президенті Мұрағатында қазақстандық спортшылардың Олимпиада ойындарына қатысуы жөнінде тарихи құжаттар сақталған.
«Әрине, қазақстандық спортшылардың Мәскеуде өткен XXII жазғы Олимпиада ойындарында көрсеткен өнері, жеткен жетістіктері ерекше есте қалды. Дүбірлі додада отандық спортшылар республикада спорт деңгейінің жоғары дәрежеде екендігін көрсетті.
Бұл туралы КСРО министрлер кеңесі жанындағы Дене шынықтыру және спорт комитетінің Қазақ КСР басшылығына жолдаған хатында жазылған. Тағы бір мұрағаттық құжат - Мәскеу Олимпиадасына қатысушылар туралы анықтамада медальдар саны бойынша деректер келтірілген: «Бұған дейінгі Монреаль Олимпиадасына 11 қазақстандық өнер көрсетті. Олардың ішінде 6 спортшы марапатқа ие болды», - делінген ҚР Президенті Мұрағатының хабарламасында.
Бұдан әрі, анықтамада Мәскеу Олимпиадасының жүлдегерлері мен олардың бапкерлері туралы деректер келтірілген. Барлығы 16 қазақстандық спортшы әр түрлі дәрежеде жүлдегер атанды.

Кеңес спортшылары барлығы Мәскеу Олимпиадасында 80 алтын медальді жеңіп алды. Олардың ішінде 6 алтын медаль қазақстандық спортшыларға тиесілі. Олардың есімдері: Жақсылық Үшкемпіров (грек-рим күресі, 48 келі) және Шәміл Серіков (грек-рим күресі, 57 келі), Виктор Мазин (ауыр атлетика, 60 келі), Сергей Котенко (су добы), Надежда Ольхова (баскетбол) және Владимир Муравьев (жеңіл атлетика, эстафета 4*100 метр).

Сонымен қатар, Анатолий Быков (грек-рим күресі, 74 келі), Виктор Демьяненко (бокс, 60 келі) және Серік Қонақбаев (бокс, 63,5 келі) Мәскеу Олимпиадасында күміс медальді иеленсе, көгалдағы хоккейден КСРО құрамасының мүшелері Миннеула Азизов, Александр Гончаров, Олег Загороднев, Фрид Зигангиров, Александр Мясников және Михаил Ничепуренко, сондай-ақ, жеңіл атлетика бойынша Татьяна Лесовая (диск лақтырушы, олимпиадалық нәтиже: 67,4 метр) қола медальге қол жеткізді.

ҚР Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы Борис Жапаровтың айтуынша, Мәскеу Олимпиадасына қатысқан 20 қазақстандық спортшының 16-сы жүлдегер атанды. Бұл кеңестік республикалар арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Барлығы Мәскеу Олипиадасында спорттың 21 түрі бойынша ойындар өтті. Ал қазақстандық спортшылар 10 спорт түрі бойынша өнер көрсетті.