Қазақстандық өнерпаздар әйгілі «Фриндж» фестивалінің арнайы жүлдесін жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық өнерпаздар Эдинбургте әлемге әйгілі «Фриндж» фестивалінің арнайы жүлдесін жеңіп алды. Талғамы жоғары кәрі құрлық көрермендерін таңдай қақтырған Анатолий Огай мен Татьяна Ким «Инновация» аталымы бойынша марапатталды, деп жазады «Хабар 24».

«Өзеннің арғы бетінде» монодрамасын жазған калифорниялық өнер институтының түлегі - Анатолий Огай. Қойылымдағы бас және жалғыз рөлді де автордың өзі сомдайды. Спектакльде 1937 жылы Қиыр Шығыс шекарасы аймағынан Қазақстан және Орталық Азияға еркінен тыс көшіріліп, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан корей ұлтының өкілі туралы баяндалады.

«2012 жылы туған атамнан алған сұхбат негізінде жасалған дүние. Спектакльде оның сұрапыл 1943 жылы бастан кешкен оқиғалары бейнеленген», - дейді автор және рөлді соло-орындаушы Анатолий Огай.

Жоба авторларының айтуынша, көрермендер Қазақстанның қиын тарихи кезеңдері туралы мағлұмат алып, бейбітшілік мекеніне айналған бүгіні туралы білгісі келген.

 «Қойылымда біз осыны көрсетуге тырыстық. Өйткені ол шындық. Бізде дастарқан басында 10 адам отырып, олардың әрқайсысы әр түрлі ұлт өкілі болуы мүмкін. Сосын біз барлығымыз бір тілде сөйлейміз. Сондықтан да шетелдіктер үшін бұл таң қаларлық жағдай», - дейді режиссер Татьяна Ким.

Татьяна мен Анатолий - ерлі-зайыптылар. Олар Америка Құрама Штаттарында жұмыс істеп, өмір сүреді. Ал халықаралық фестивальдерде Қазақстанның атынан шығып, ұлы дала елінің атын паш етіп жүр.