Қазақстандық палуандар Түркияда өткен турнирде жүлдегер атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық палуандар Түркияда еркін күрестен мәреге жеткен халықаралық Яшар Догу мемориалы турнирінде жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-ның Сырым ауданы Бұлдырты ауылында туып-өскен, қазіргі кезде Астана қаласында тұратын Нұрлан Бекжанов 74 кг салмақта қола жүлдені жеңіп алды.

Нұрлан жарыс жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы, олимпиада ойындарының жүлдегері, италиялық, тегі кубалық Франк Чамизоға ғана жол берді. Қола жүлде үшін бәсекеде Н.Бекжанов Иран палуанынан басым түсті.

Бұл салмақта бәсекенің жоғары болғаны сондай, олимпиада және әлем чемпионы, америкалық Джордан Барроуз күміс жүлдені қанағат тұтты.

Тағы бір қазақстандық палуан Болат Сақауов Д.Барроуздан ұтылғанымен, қола жүлде үшін бәсекесін сәтті өткізіп, үшінші орынға көтерілді.

Нұрлан Бекжанов бұдан екі жыл бұрын ересектер арасында еркін күрестен қазақ палуандары арасында тұңғыш рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді. Оның алғашқы бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сәукелин болса, қазір оны Астанада Асқар Әбдірашев баптап келеді.

Ыстанбұл қаласында 46-ыншы мәрте ұйымдастырылған аталмыш жарыста сондай-ақ Қазақстаннан Н.Бекжанов пен Б.Сақауовтан басқа тағы үш палуан қола жүлдеге ілікті. Дәулет Ниязбеков 65 кг салмақта жартылай финалда ирандық спортшыға есе жібергенімен, үшінші орын үшін бәсекеде украин палуанын 10:0 есебімен ұтты. Осы салмақта Мадияр Бұрхан да үшінші орынға шықты. Сондай-ақ 79 келіде Бақтияр Ізбасаров қола жүлдегер атанды.