Биыл екінші рет аталып өтілгелі тұрған мерейлі мерекеге орайластырыла ұйымдастырылған алқалы жиында Тұңғыш Президенттің тұлғалық қасиеттеріне барынша мән берілді. Мәселен, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин кіріспе сөзін Тұңғыш Президент күніне қатысты пікірімен бастады. «Біздің егемен еліміздің әрбір жетістіктері, ең алдымен, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты. Себебі Елбасының батыл қадамдары мен ерен ерліктерінің арқасында Қазақстан барлық қиындықты жеңіп, бүкіл әлем таныған абыройлы мемлекетке айналды», - деді спикер. Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Елбасының идеялары мен мақсаттарының қазақстандық өмір салтының негізін қалап, барлық қазақстандықтар үшін жалпыұлттық құндылықтарға айналғанын тілге тиек етті. «Сондықтан да тұңғыш Президент күні барша қазақстандықтарды Елбасының қасына біріктіретін тағы бір бүкіл халықтық мәртебелі мереке болып табылады»,- деді Мәжіліс Төрағасы. Сонымен қатар Нұрлан Зайроллаұлы Елбасының осы жылдар ішінде әлем назарын аударған түбегейлі реформаларды жүзеге асырғанына, үлкен жеңістері арқылы халықаралық саяси және тарихи тұлғаға айналғанына ерекше тоқталды. «Өздеріңізге белгілі, 1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық сайлауда Қазақстан халқы бір ауыздан өзінің Тұңғыш Президентін сайлады. Сөзсіз Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің қалыптасуында, оның мемлекеттік дамуында, халықаарлық беделінің артуында Елбасы Н. Назарбаевтың тарихи рөлі зор. Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуына демократиялық саяси жүйе үшін маңызды қадам болды. Мемлекет басшысының айқындаған стратегиялық бағдарының нәтижесінде еліміз қол жеткізген барлық жетістіктерді ескере келіп, Қазақстан Парламенті Тәуелсіздіктің 20 жылдығының қарсаңында 2011 жылы 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде белгілейтін заң қабылдады. Бүгін бұл күн жалпыұлттық мерекеге айналып келеді», - деді Нұрлан Нығматулин. Сөз арасында Мәжіліс спикері Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасу жолдарына да назар аударды. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мемлекеттілікті құру мен дамыту үшін заңнамалық биліктің рөлі мен ықпалын күшейту қажеттігін баса айтқан болатын. Ал ел өміріндегі жаңару мен келелі келешекке бетбұрыс 1995 жылы референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституциямен тікелей байланысты. Дәл осы негізгі заңда алғаш рет «парламент» түсінігі ресми бекітіліп, оның заңнамалық қызметтерді жүзеге асыратын еліміздің жоғары заң шығарушы органы болып табылатындығы анық айтылды. «Шын мәнінде Қазақстан екі палаталы парламенттік жүйеге таңдау жасаған кеңестік кезеңнен кейінгі алғашқы унитарлы мемлекет болды. Ал осы қос палаталы парламенттік жүйеге өту заң шығармашылық үдерісінің тиімділігі мен ықпалдылығын арттырып қана қоймай, сондай- ақ, Қазақстанда демократия орнатудың тағы бір қадамына айналды», - деді Н. Нығматулин. Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болып табылатын 2007 жылғы конституциялық реформа Қазақстанда парламентаризмді дамытудың заңды жалғасы болып табылады. Бұл реформа нәтижесінде сайлаушылар жекелеген үміткерлерге емес, партиялық бағдарламаларға дауыс беру мүмкіндігіне ие болғаны белгілі. Сонымен қатар, конституциялық реформа аясындағы басты жаңалықтарының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясына еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде түрлі этностардың өкілдіктерін қамтамасыз ететін ұйым ретінде конституциялық мәртебе берілуі болды. «Қазақстан Парламенті Жоғарғы Кеңестен екі палаталы кәсіби заңнамалық органға дейінгі күрделі жолдан өтті. Парламентаризмнің қазақстандық үлгісі өзінің тиімді заң шығармашылық қызметі арқылы мемлекеттің экономикалық өркендеуіне, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық келісім мен бейбітшілікті сақтауға қабілетті екенін дәлелдеді»,- деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин. Сонымен қатар, сөз арасында спикер бүгінгі парламентаризмнің даму даңғылына да көз жүгіртті. Оның айтуынша, көппартиялы Парламентті қалыптастыру Қазақстанның демократия жолындағы тағы бір нақты қадамының көрсеткіші. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин Парламенттің қазіргі құрамы туралы баяндай келіп, заң шығарушы органның Елбасының стратегиясын жүзеге асыру жолындағы сындарлы жұмысына да тоқталды. «Әрине, барлық парламентарийлер өздерінің саяси бағдарламаларының негізгі бағыттарын ұстанады. Алайда, партиялық құрамы мен идеологиялық алуандықтарға қарамастан, Парламент өкілдері демократиялық рәсімдер негізінде өзара тиімді іс-қимыл жасайтындығын көрсете білді. Ең бастысы екі палата депутаттары да мемлекет пен халықтың мүддесі жолында шешімдер әзірлеп, қабылдайды. Бұл Қазақстанның заманауи саяси тәжірибесінде демократия мәдениетінің негізгі құндылықтарын басшылыққа алатындығының айшықты белгісі», - деді Н. Нығматулин. Сонымен қатар, конференция барысында спикер қазіргі парламенттік қызметтің негізгі бағыттарына да тоқталып, бұның ең алдымен Елбасы айқындаған «Қазақстан - 2050» стратегиясын заң жағынан қамтамасыз етуге бағдарланғанын жеткізді. Бұл ретте Мәжіліс Төрағасы Елбасы бағдары аясында қазірдің өзінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату секілді маңызды құжаттар қабылданғанын, мемлекеттік қызметтерді жетілдіру жұмыстары атқарылып, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құруға заңдық негіздер қаланғанына тоқталды. Бұдан бөлек, заман үдесінен шығатын салықтық және бюджеттік кодекстерге өзгерістер енгізу мәселелері бойынша заңдар да қабылданды. «Бүгінгі күні Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқарушылық кодекстер, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, сондай-ақ, кәсіподақтар туралы, меншіктік құқықты қорғауды күшейту, Сот шешімдерінің жүйесін жетілдіру сынды маңызды заң жобалары жұмысқа алынды. Жалпы алғанда, Парламент өзінің 20 жылдан астам қызметінде 2132 заң қабылдады. Олардың қатарында 3 конституциялық заң, 17 кодекс және 872 халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заңдар бар. Орта есеппен алғанда, бір шақырылым 500-ге жуық заң қабылдады», - деді спикер Н.Нығматулин. Алқалы жиын барысында шетелдік сарапшылар да өз пікірлерін ортаға салып, қазақстандық даму мен осы даңғылдың қалыптасуына Тұңғыш Президенттің атқарған рөліне де ерекше маңыз берді. Мәселен, Германия Бундестагының депутаты Карин Штренц Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға берді. «Тіпті әлемнiң ешбір елінде Қазақстан секілді жетістікке қол жеткен жоқ десе де болады. Бұл ел қазiр аса қарқынды дамып келедi. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық қауымдастықтың жауапкершілікті мүшесі, әлемдiк аренада сенiмге ие болған мемлекет. Бұндай деңгейде Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың көреген саясаты арқасында қол жеткенін де ұмытпауымыз керек. Қазақстан - Орталық Азия өңiрiндегi басым рөл атқаратын, сонымен қатар осы өңірдегі тұрақтылықтың зәкiрi саналатын ел», - деді неміс депутаты. Ал Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Олег Савченко мемлекет өмірінде айрықша орын алатын қазақстандық саяси және конституциялық институттардың қалыптасуына Елбасы Н. Назарбаев айрықша еңбек сіңіргенін алға тартады. «Жалпы Н.Назарбаев өзінің бүкіл саяси карьерасында өзіне тән дара даму даңғылымен жүру құқығын сатылап әрі тиімді жүзеге асырып келе жатқан бүгінгі заманның санаулы мемлекет қайраткерлерінің бірі. Дәл осы жолда мемлекеттік құрылыс формуласы, тиімді экономика мен демократия құндылықтары секілді дүниелер ұлттық келісім, бірлік пен тұрақтылық формуласымен біте қайнасып сәтті даму үстінде деп санаймын», - дейді ол. Сол секілді Түркия Республикасы парламенті - Ұлы Ұлттық жиынының депутаты Сафи Исмаил Н.Назарбаевтың озық көшбасшылығының арқасында бүгінде Қазақстан халықаралық аренада маңызды саяси-мәдени рөлге ие болғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі Қазақстан түркінің ғана емес, бүкіл әлемнің жарқын жұлдызы болып қалыптасуға нық қадамдар жасап жатыр. «Мемлекеттікті қалыптастырушы бас архитектор Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркітілдес әлемнің жалпыға мойындалған көшбасшысы һәм ақсақалы. Елбасы Н. Назарбаев - түркі әлемінің жасампаздығының үлгісі. Мен Тұңғыш Президенттің тұлғалық қасиетін Қазақстан жетістіктерінің ең басты факторларының бірі ретінде санаймын. Елбасы - біздің елдеріміздің жаңа тарихындағы заманауи дәуірдің символы. Қазақстан Президенті бүкіл түркі жұрты үшін жасампаздық үлгісінің жарқын бейнесі бола алады», - деді түркиялық депутат.
19:26, 26 Қараша 2013
Қазақстандық парламентаризмді қалыптастырып, дамытуда Елбасы еңбегі ерен - Халықаралық конференция
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуындағы рөлі» атты тақырыпты қамтыған халықаралық конференция болып өтті. Қазақстандық парламентшілерден бөлек, Венгрия, Германия, Қырғызстан, Ресейден және Түркия сарапшылары мен ғалымдары, депутаттар, дипломатиялық корпус өкілдері қатысып, Тұңғыш Президент күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға орай өз пікірлерін ортаға салған болатын.