Қазақстандық полицейлер қаза болған атыраулық әріптесінің отбасына 29 млн теңге жинады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан полицейлері Атырауда ерлікпен қаза болған әріптесінің отбасына көмек көрсету үшін 29 млн теңге жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау облыстық Полиция департаментінің, ІІМ орталық аппаратының, өңірлік Полиция департаменттерінің, қылмыстық-атқару жүйесі органдары мен құтқару қызметтерінің қызметкерлері және Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері Шалқар Ақымғалиевтің отбасына қолдау көрсетті және қолдауды жалғастыра беретін болады. 2 сәуір күні 25 жасқа толуы тиіс болған полицей Жайық өзеніне батып бара жатқан әйелді құтқарамын деп көз жұмды. Осы уақытта арнайы банк шотына полиция қызметкерлері ерікті түрде жинаған 29 млн теңге түсті», - деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Назымгүл Қайсағалиева.

Бұған дейін хабарланғандай, полицейлер отбасының жалғыз асыраушысы болған әріптесінің үй-ішіне Атыраудан үш немесе төрт бөлмелі пәтер алып беруді жоспарлауда.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы 21 наурыз күні Атырау қаласында патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев көпірден Жайық өзеніне секірген әйелді құтқармақ болып өзі ажал құшты.

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицейдің жанұясын қараусыз қалдырмайтынын мәлім етті.

Ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік наградаға ұсынылды.



Авторы А.Соколов