Қазақстандық ресми автокөлік диллерлері былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артық автокөлік сатты - автонарыққа шолу

АЛМАТЫ. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстандағы ресми автокөлік диллерлері бірінші тоқсанда былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артық автокөлік сатты. Бұл туралы автонарыққа шолу жасаған «Qncepto» консалтингтік компаниясы хабарлап отыр.

Өткен тоқсанда ресми автокөлік диллерлері 6 337 жеңіл және жеңіл коммерциялық автокөлік сатқан. Бұл өткен жылдағы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 75,54 пайызға жоғары. Айта кетерлігі бұл тоқсанда Ресей және Қазақстанда құрастырылатын автокөлік сатылымы 70 пайызға өскен.

Бірінші тоқсанда сатылған жеңіл автокөліктер саны - 5 272. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 74, 69 пайызға артық. Тоқсанда Lada, Toyota, Nissan, Chevrolet және KIA брендтері айтарлықтай сұранысқа ие болған. Бұлардың ішінде сатылым бойынша Ресей мен Қазақстанда құрастырылатын Lada жеңіл көліктері көш бастады. Бұл марка бойынша 1 833 көлік сатылды. Бұл сатылған автокөліктердің үштен бірін құрайды. Екінші орында Toyota көліктері. Былтығы жылмен салыстырғанда Toyota-ның сатылымы 840 автокөлікке, 137 пайызға артқан. Сатылым көшін бастағандардың үштігіне кірген өзбекстандық UZ-Daewoo өнімдері былтырғы жылмен салыстырғанда 16,39 пайызға аз сатылған. Алайда бұл тоқсан қорытындысы бойынша сатылым жөнінен алғашқы үштікке кіруге кедергі болып тұрған жоқ.

Өткен тоқсанда 1 065 жеңіл коммерциялық автокөлік сатылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 109,17 пайызға артық. Бұл сала бойынша сатылым көшін 460 дана сатылыммен UAZ автокөліктері бастап тұр. Одан кейінгі орындарда ГАЗ, Volkswagen автокөліктері тұр.

Бұл тоқсанның айтарлықтай жаңалығы - Ресей мен Қазақстанда шығарылған көліктер сатылым бойынша теңесті. Былтырғы жылы ресейлік көліктер саны басым еді. Маркалар бойынша ең көп сатылған ресейлік және отандық LADA көліктері. Олардың алты бірдей түрі алғашқы тоқсанда сұранысқа ие болған.

Диллерлер арасында тоқсан қорытындысы бойынша «БИПЭК АВТО» өз үлесін былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге, 45,24 пайызға арттырды. Екінші, үшінші орындарда «Астана Моторс» КМК мен «Вираж» автосалондары желісі. Былтырғы жылмен салыстырғанда «Меркур Авто» компаниясының сатылымы үш есеге дейін, 24,82 пайыздан 8,25 пайызға дейін азайды. Оның басым үлесі «Аллюр Авто» тобына бұйырды. Бұл тоқсанда компания автонарықтағы былтырғы 5 пайыздық үлесін 5,8 пайызға өсірді.