Қазақстандық садақшылар әлем кубогын сәтті бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Анталия қаласында кеше жалауы желбіреген садақ атудан әлем кубогының екінші кезеңін спортшыларымыз жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың алғашқы күні классикалық садақ атудан командалық сайыста отандастарымыз финалға жолдама алды.

Құрамында Денис Ганкин, Санжар Мусаев және Ойбек Саидиев бар құрамамыз әлем кубогының бірінші кезеңінде жеңіске жеткен болатын. Енді міне, тағы да финалға жолдама жеңіп алды.

Олар екінші кезеңнің іріктеуінде алдымен Тайпей және Франция мергендерін қапы қалдырды. Кейін жартылай финалда Германия мергендерімен өткен аса тартысты сайыста қарсыластарын тағы да жеңді. Енді финалда қазақстандық мергендер Италия елінің спортшыларымен сынға түсетін болады.