АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында спорттық және әскери самбодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық палуан Динара Жұмабаева күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Динара 64 кг салмақта сәтті өнер көрсетіп, тек финалда Беларусь елінің өкілі Татьяна Мацкоға есе жіберді.
Айта кетейік, әлем чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан қоржынына ешқандай жүлде түскен жоқ болатын. Ал сенбі күні қазақстандықтар үшін әлдеқайда сәтті болды. Динарадан басқа батысқазақстандық палуан, әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров 57 кг салмақта спорттық самбодан күміс медальға қол жеткізді. Оған қоса тағы екі батысқазақстандық спортшы Қазбек Сұпығалиев пен Темірлан Ихсанғалиев сәйкесінше 62 және 82 кг салмақта қола жүлдені иеленді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).