1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған еді.
«Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ Олжас Бейсенбаев қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің ішкі саяси реформаларының орнықтылығы, жалғасты болуы өте маңызды екенін атап өтті.
«Сондықтан қазіргі Президент Жолдауында жаңа саяси практика, жаңа саяси дәстүр, яғни жариялылық принципіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Біздің Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары жаз айларында біраз эксперттік зерттеулер мен сауалнамалар жүргізіп, қазіргі қоғамда әлеуметтік-экономикалық проблемалардың алға шыққаны айтылған еді. Міне, Президент Жолдауында бірінші блокта әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ең бірінші көңіл аударылғанын көріп отырмыз. Әрине, қазіргі уақытта қоғамда қызу талқыланып отырғаны – Президент сайлауы, Парламент және мәслихат сайлаулары», - деді О. Бейсенбаев.
Сарапшы білім саласын мемлекеттің ұзақмерзімді дамуындағы ең перспективалы бағыттарының бірі деп атап өтті. Жолдауда ең алдымен мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілерді аттестациялау туралы ерекше айтылды.
«Былтыр, алдыңғы жылдары министрлік мектепке дейінгі мекемелерді тексергенде ШҚО, Алматы облыстарында балабақшалардың 70-80 пайызына дейін тексеруден өтпей қалған болатын. Яғни, ондағы балалардың қарапайым дағдыларды үйренуі, мекемедегі оқыту-тәрибе бағдарламасының және жалпы балабақшаның техникалық мүмкіндіктері жағынан үлкен сынға ұшыраған болатын. Сондықтан, Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жекеменшік балабақшалардың жұмысын ескере отырып, ең алдымен сол жердегі тәрибешілердің деңгейі мен жалақы мәселесін шешуді тапсырды. Одан кейін «Жайлы мектеп» жобасы, ЖОО кредиттік оқыту, гранттарды көбейту, университтер жанынан ғылыми орталықтар ашу, медициналық университеттер жанынан медициналық орталық ашу, яғни білім мен ғылымды ұштастыру туралы айтты. Қарап отырсақ, мектепке дейінгі мекемеден маман болып қалыптасуға дейінгі барлық кезеңді қамтыды», - деді ол.
ҚР Президенті жанындағы «Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының» жетекші ғылыми қызметкері Мұхит Асанбаевтың айтуынша, Қазақстан саяси науқанның маңызды бір кезеңіне өтті.
«Алда екі сайлау күтіп тұр, оған қоғамның пікірі де әртүрлі. Жалпы Жолдаудағы мәселердің геосаяси жағдаймен қатар шығуы жағдайды қиындатып отыр. Салыстырмалы түрде айтқанда Қазақстанның мұнай тасымалдауындағы Ресейге тәуелдігі бар, сондықтан мемлекеттің ішкі саясатында да осындай жағдайлар орын алуы әбден мүмкін. Дегенмен жалпы соңғы 30 жылда Президент институты орнықты деп ойлаймын. Бірақ бағыт дұрыс, осы бағытты жалғастыра беру керек. Әрине, қоғамда пікірталас болады. Кейде депутаттар жаңа бастамалар көтеріп отырады, оның қаншалықты орынды болуы бөлек мәселе. Қалай болса да мұның бәрінің ашық пікірталасқа шығуының өзі – саяси мәдениеттің жаңа бір форматта өзін-өзі көрсете білуінің айғағы», - деді Мұхит Асанбаев.
Сонымен бірге, AMANAT партиясы қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди Мемлекет басшысы ұсынған бір реттік президенттікті тұтас президент институтын қайта жаңғырту деп санауға болатынын айтты.
«Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, бір реттік президенттік жүйесі жұмыс істейтін елдер бар. Мысалы, Арменияда президент жеті жылға, ал Мексикада алты жылға сайланады. Оңтүстік Кореяда, Албанияда президенттер бес жылға сайланады, бұл елдерде бір реттік президенттік жүйе де бар. Президент айтқан жаңа саяси мәдениетті құру бойынша жұмыс жүріп жатыр деп санаймын. Әрине, әртүрлі пікірлер айтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибелі және білімді адам ретінде мемлекеттік құрылыстың, жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың көптеген мәселелерін байқап отыр», - деді Ерлан Ахмеди.