Форум барысында «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының директоры Нұрсұлтан Ахмедия әлемдік өзгерістер жағдайында адам капиталының маңыздылығын және оның Қазақстанға ықпалы зор екенін атады.
«Әлемде орын алып отырған өзгерістер дамуға бет бұрған адамзат баласы үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «бір орында тұрмай, қауіп-қатерлерге қарсы тұратын және болашағын айқындаға халықтар ғана жеңіске жетеді»- деп атады», - деді сарапшы.
Аталған форум жұмысына Қазақстан және бірқатар шетелдік сарапшылар - саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, құқықтанушылар, экономистер қатысты. Олар Жолдауда белгіленген жаңғырудың үшінші қадамын, экономикалық өсімнің жаңа моделін талқылады.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада «Парасат» жүйелі зерттеулер институты Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтымен бірлесіп «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбында сарапшылар форумын өткізді.
Сондай-ақ, Форум аясында алдағы конституциялық реформа талқыланып, бұл саяси өзгерістер басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және саяси жүйені нығайтуға бағытталғаны айтылды.