Қазақстандық Сергей Морозовтың UFC алаңындағы жекпе-жегін қайдан көруге болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық файтер Сергей Морозовтың (16-5) UFC алаңындағы келесі жекпе-жегі ертең, 18 шілдеге жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол Американың Лас Вегас қаласында өтетін UFC on ESPN 26 турнирінде октагонға шығады.

Сергей Морозовтың қарсыласы - неміс файтері Халид Таха (13-3-1).

Жекпе-жектің тікелей трансляциясын UFC Fight Pass сервисінен тамашалауға болады.

Айқас астана уақытымен шамамен таңғы сағат 06.30 кезінде басталады.

Бұл - Сергей Морозовтың UFC алаңындағы екінші кездесуі.

Бұған дейін ол биылғы қаңтар айында атақты Хабиб Нурмагомедовтің інісі ресейлік Омар Нурмагомедовпен (13-0) жекпе-жекке шығып, жеңіліп қалған болатын.

Нурмагомедов Морозовты екінші раундта қылғындыру әдісімен жеңді. Негізі бұл бәсеке үш раундқа жоспарланған.

Ал Сергейдің ертеңгі қарсыласы Халид Таха өзінің соңғы айқасын өткен жылдың қараша айында өткізген. Ол әділқазы шешімімен бразилиялық Раони Барселостан (16-2) ұтылған еді.