АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Словакияда өтіп жатқан қысқы универсиадада қазақстандық шаңғышы Анастасия Слонова 5 шақырымға классикалық әдіспен жарысуда күміс медальді еншіледі.
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, көпке дейін алда тұрған А.Слоновадан ресейлік, Омбы қаласынан келген тәжірибелі шаңғышы Оксана Усатова ғана оза алды. Қола жүлде тағы бір ресейлік Лилия Васильеваға бұйырды.
Сондай-ақ қазақстандықтар Анна Стоян алтыншы, Виктория Ланчакованың тоғызыншы орынды иеленгенін айта кетейік. Бұл қазақ елі шаңғышыларының эстафеталық жарыста да медаль үшін таласатынын көрсетеді.
Бұл - Анастасияның осы универсиададағы екінші медалі. Ол жарыстың алғашқы күні спринттен алтын медальді жеңіп алған болатын. Қоржынында қос алтын, бір күміс жүлдесі бар Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бұрынғыша Ресейден кейін екінші орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).