АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Словакияда өтіп жатқан қысқы универсиадада шаңғыдан эстафеталық жарыста қазақстандық қыздар құрамасы күміс жүлдегер атанды.
Қазақстанның және Ресейдің спорт телеарналары көрсеткеніндей, әр құрама үздік үш шаңғышыны жарысқа қосты. Олардың әрқайсысы бес шақырымнан жүгіріп өтті.
Құрамында Анна Стоян, Виктория Ланчакова және Анастасия Слонова бар қазақстандықтар мәреге ресейліктерден кейін екінші болып жетті. Қола жүлдені Франция құрамасы иеленді.
Осы сайыстан кейін қоржынында екі алтын, қос күмісі бар Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте қайтадан екінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, бұл - Анастасия Слонованың осымен үшінші медалі. Ол бұған дейін бір алтын, бір күміс жүлдені жеңіп алған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).