Қазақстандық шаңғышылар Олимпиаданың соңғы жарысында жүлдесіз қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары соңғы жарыстарын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында бүгін әйелдер арасында шаңғымен 30 шақырымға жарысудан масс-старт бәсекесі өтті. Аталған додада Қазақстан командасынан үш спортшы қатысты.

Алайда үшеуі де үздіктер қатарынан көріне алған жоқ. Қазақстан сапынан ең жоғары нәтижені Ангелине Шурыга көрсетті. Ол мәре сызығын 42-ші болып кесіп өтті. Екінші атлетіміз Надежда Степашкина 49-шы, үшінші спортшымыз Ирина Быкова 54-ші орынмен Олимпиада ойындарын аяқтады.

Шаңғы жарысы. 30 км. Масс-старт. Әйелдер

1. Терезе Йохауг (Норвегия) – 1:24:54,0

2. Джесси Диггинс (АҚШ) – 1:43,3

3. Кертту Нисканен (Финляндия) – 2:33,3

...42. Ангелина Шурыга (Қазақстан) - 11:35,6

49. Надежда Степашкина (Қазақстан) - 14:44,8

54. Ирина Быкова (Қазақстан) - 17:48,0.

Осымен қазақстандық спортшылар Бейжің Олимпиадасын аяқтады. Спортшыларымыз Бейжіңде шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түсті. Өкінішке қарай бірде-бірі жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ.


Фото: Тұрар Қазанғапов, Қазақстан ҰОК