Қазақстандық шеберлер Италияда «Трубадур» операсына костюмдер дайындады

ГЕНУЯ. ҚазАқпарат - Италияның Генуя қаласындағы Карло Феличе театрында 2019-2020 жылға арналған опера және балет маусымын «Трубадур» қойылымы ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәл осы қойылым 1991 жылы 18 қазанда реставрациядан кейін қайта ашылған Карло Феличе театрының алғашқы маусымын ашқан болатын.

Генуя жұртшылығы үшін «Трубадур» - жанданудың нышаны.

Танымал Вердиана трилогиясына (Ла Травиата, Риголетто, Трубадур) Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты өткен жылы үздік деп таныған қазақстандық 50 суретшінің қатарына енген отандастарымыз да қатысуда.

«Біздің басты мақсатымыз әйгілі либреттоның опера рухын, атмосферасын жеткізу болды. Ең алдымен, композитор Вердидің өз шығармасында айтқысы келгенін түйсініп, паш еткіміз келді. Қазан айында бізде Вердидің «Дон Карлос» операсы болды. Бұл жұмыс осылайша, «Трубадурға» жалғасты. Сөйтіп, бізде Вердидің опералық күйінен шығуға тіпті уақыт та болмады», - деді сахна дизайнері және костюмдер бойынша суртеші Софья Тасмағамбетова.

София үшін бұл Италиядағы алғашқы қойылым жұмысы. Суретші Генуяда болғанына өте қуанышты екенін жасырмайды. Ол дайындық процесінің күрделілігі режиссерге байланысты екенін, қойылымға Вердидің барлық дерлік шығармаларымен таныс Марина Бьянки қатысқандықтан жұмыс істеу жеңіл болғанын айтады.

«Театрда арнайы жабдық – айналатын шеңбер бар. Үстінде декорация қойылған, бұл декорация спектакль бойына айналады. Сахна өзгерісі көрерменнің көз алдында жүзеге асады. Бұл, дәл осы опера үшін өте маңызды. Өйткені кідіруге жол берілмейді. Ол үшін жай музыка жоқ. Сол себепті дәл осындай тәсілді таңдадық», - деп өз құпиясымен бөлісті сахна безендіруші, костюмдер бойынша суретші Павел Драгунов.

Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов ұзақ уақыттан бері өздерінің жеке шығармашылық тандемін құрып, декорациядан бастап костюмдерге дейін спектакльдердің толық сахналық дизайнын жасайды. Павел ерлер костюмдерін әзірлесе, Софья – әйелдердің киімін дайындайды. Шығарманың мазмұнымен танысқаннан кейін, сценографтар эскиздер, реквизит, бутафория, костюмдер әзірлеуге кіріседі. Әр кейіпкердің сипатына қарай аксессуарларын жеке-жеке тәптіштеп суретін салып, дайындайды.

«Сахна өте ерекше болды. Үйлесімді декорацияның айналуы, барлық құрал-жабдықтар мен жарықтың өзгеруі, операның өзі, музыка – тіпті керемет. Маған шынымен де қатты ұнады», - деді қойылымнан кейін көрермен Карло Барбиери.

Генуядағы басты опера театры Карло Феличенің 2 мың орындық залында ине шаншар жер болмады.

Карло-Феличе театры - Италиядағы ірі опера үйі, ол опера мен балет спектакльдерін де, ауқымды концерттерді де қабылдайды. Ғимараттың алғашқы тасы 1826 жылы наурызда қаланған.