Қазақстандық шекарашылар заңсыз өткізілмек болған 500 кг құс етін тәркіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері қазақстандық шекарашылар 15 түк халық тұтынатын тауарлар, 60 грамм героин және жарты тонна құс етін өткізуге тырысқандардың жолын кесті. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

«Нақтырақ айтар болсақ, Қордай шекара отрядына қарасты «Кайнар» заставасының шекарашылары (Жамбыл облысы) халық тұтынатын тауарлар салынған 15 түк жүкті резиналы қайыққа тиеп келе жатқан 40 жастағы еліміздің азаматын ұстады.

«Астана - Мәскеу» бағытындағы поезға шекаралық бақылау жасау кезінде Қостанай шекара отрядына қарасты «Қайрақ» (теміржол) бекеті бақылаушыларының Вир есімді иті тамбурдың маңайына жасырылған түр-түсі, иісі «героинға» ұқсайтын зат тапты, салмағы 60 грамм болып шықты. Ұсталған адамдар Қостанай қаласының желілік бөлімшесіне берілді.

«Лисаковск - Челябинск» бағытындағы автобусқа шекаралық бақылау жасау кезінде Қостанай шекара отрядына қарасты «Қайрақ» (автомобильдік) бекетінің бақылаушылары орындықтың маңайына жасырылған түр-түсі, иісі марихуанаға ұқсайтын зат тапты, салмағы 200 грамды құрады. Бұл бойынша ұсталғандар Қарабалық аудандық ішкі істер бөліміне берілді.

Сондай-ақ, осы күні қазақ-қырғыз шекарасында екі рет құс етін заңсыз өткізбек болғандардың жолы болмады. Нәтижесінде, 500 кг құс еті шекарашылардың қолына түсті», - деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша анықтау жұмыстары жүргізілуде.