Қазақстандық спорт жұлдыздары елорда студенттеріне дене шынықтыру сабағын өткізді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атақты қазақстандық спортшылар елордалық колледждердің бірінің студенттерімен жаттығу өткізді. Іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спорттық кездесуді №3 қалалық емхананың «Жас толқын» жастар денсаулық орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің кәсіптік–техникалық колледжі бірлесіп ұйымдастырды.

Шақырылған қонақтар арасында қазақстандық спортшылар одағының төрағасы Азамат Қарлығашев, еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Гузель Манюрова, ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Светлана Подобедова, көркем гимнастикадан 2011 жылғы Азия чемпионы Анна Алябьева, екі қол күресі бойынша Қазақстан чемпионы Айтым Жақыпов болды.

Оның ішінде белгілі спортшылар Дәурен Елеусінов, Қанат Әбутәліпов және Сергей Цырульников бар.

Жаттығудан кейін студенттер 5 командаға бөлініп, «көңілді старттарға» қатысты.

Төрешілер қорытынды шығарып жатқанда, эстафетаға қатысушылар мен көрермендер арасында би жарысы өтті.

«Баршаңызды келе жатқан мерекемен құттықтаймын! Мұнда өздерінің еңбектерімен және шеберлігімен үлкен биіктерге жеткен спортшылар шақырылды. Олардан үлгі алыңыздар! Деніңіз сау және бақытты болыңыздар!»,- деді №3 қалалық емхананың директоры Сәуле Нұрашева.