Қазақстандық спортшы Әлем чемпионатынан бұйырған жалғыз медальды бапкеріне сыйлады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Хорватия астанасы Загребте өткен күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Бекзат  Жалғасовты спорт жанашырлары мен туған-туыстары Атырау әуежайынан салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік додада еркін күрестен қазақ балуандары жалғыз ғана медальді еншіледі. Бұл жүлденің иесі атыраулық Бекзат болды.

«Алдымен, менің еш қиындықсыз дайындалып, жарыстарға баруыма мүмкіндік жасаған облыстық спорт басқармасына алғысымды білдіремін. Хорватия еліне кіл мықты балуандар жиналған. Үздік үштіктен көрінудің өзі қиынға соқты. Дегенмен ұзақ уақыт тынымсыз дайындықтың жемісін көрдім», - деді ол.



Айта кетерлігі, Бекзат Жалғасов әлемдік додада жеңіп алған медалін бапкері Аслан Жаманбаевтың мойнына тақты. Осылайша жаттықтырушысына деген алғысын білдірді.

Жас спортшы бұл жетістігімен тоқтап қалар емес. Ол енді Олимпиада ойындарына қатысып, еліміздің Әнұранын шырқатуды мақсат етіп отыр.

Хорватияның Загреб қаласында өткен күрес түрлерінен кадетттер арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандықтарға жалғыз медаль бұйырғаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.



Жарысты бірінші болып, еркін күрес балуандары ашты. Аталған күрес түрінен 65 келі салмақта сынға түскен Бекзат Жалғасов алдымен македониялық балуанмен күресіп, оны 10:0 есебімен жеңді. Ширек финалда украиналық балуанды 10:3 есебімен тізе бүктірді. Өкінішке қарай, финалға шығар жолда Бекзат ресейлік Иналбек Шериевтен 2:10 есебімен ұтылып қалды. Ал қола медаль үшін болған белдесуде Грузиядан келген балуанның мысын басып (8:2) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.