НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Дина Дәулетова джиу-джитсудан Moscow Grand Slam 2019 турнирінде алтынға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматыда тұратын Динаның анасы Айгүл Бергенованың айтуынша, 16 жастағы спортшы қыз бұл жолы 63 кг салмақта үздік шықты.
Бұған дейін Әбу-Дабиде джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында Дина Дәулетова 57 кг салмақта сынға түсіп, қола жүлдені еншілеген еді.
Басқа жарыстарды санамағанда, Дина 2018 жылы Әбу-Дабидегі әлем чемпионатында күміс медальға қол жеткізіп, ақ белбеудің иесі атанған болатын.
«Қызымыздың ендігі мақсаты - Бразилияда қараша айында өтетін әлем чемпионатында жеңімпаз атану. Дина спортпен дендеп шұғылданумен бірге халықаралық бизнес академиясында оқып жүр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Айгүл Бергенова.
Еске салайық, бұған дейін Moscow Grand Slam 2019 турнирінде «алтын» алған Мөлдір Мекенбаева туралы жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).