12:27, 12 Маусым 2009
Қазақстандық спортшылар алғаш рет жағажай волейболынан Әлем чемпионатына қатысады
АЛМАТЫ. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Маусымның 25-і мен шілденің 5-і аралығында Норвегияның Ставангер қаласында жағажай волейболынан Әлем чемпионаты өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл дүбірлі додаға әлемдік рейтингте үздік 48-дің қатарына енген командалар ғана қатысады. Қазақстандықтар Әлем чемпионатына биыл тұңғыш рет барғалы отыр. Онда ел намысын Алексей Кулинич пен Александр Дьяченко қорғайды. Қазіргі таңда біздің волейболшы жігіттердің жұбы үздік 48-дің арасында 38-ші сатыда тұр. «Жалпы бұл байрақты бәсекеде ерлермен қатар әйелдер де бақ сынайды. Өкінішке орай, біздің волейболшы қыздарымыз үздік 48-дің қатарына қосыла алмаған. Владимир Юдаков жаттықтыратын ерлер командасы қазір Украинада бірлескен соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Маусымның 22-сіне дейін созылатын бұл шараға Ресей мен Беларус спортшылары да қатысуда», дейді команда бастығы Денис Роскин.