Қазақстандық спортшылар қазақ күресінен өткен ІІ Әлем кубогында бес жүлде жеңіп алды

ҚАРАҒАНДЫ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - 16-18 желтоқсан күндері Қарағандыдағы С.Сәпиев атындағы Боксты дамыту орталығында ІІ Әлем кубогы, Азияның VIII чемпионаты және Қазақстан Республикасының қазақ күресі бойынша абсолюттік чемпионаты болып өтті.

Бұл жарыстарда Қазақстан құрамасының атынан елдің барлық аймақтарынан келген 25 спортшы шықты. Бұдан басқа, Үндістан, Ресей, Ұлыбритания, Латвия, Литва, Армения, Тәжікстан, Монғолия, Қытай, Иран, Қырғызстан, Беларусь, Польша, Ирак, Йемен, Палестина, Пәкістан және Грекиядан командалар келді.

«Біз сіздердің қазақ күресінен Әлем кубогына қатысуларыңызды ұлттық спорт дәстүрлерімізге құрмет белгісі ретінде бағалаймыз. Біз үшін бұл өте маңызды, өйткені Әлем кубогы Қазақстанда, біздің қаламызда алғаш рет өткізілуде», - деді Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов жарыстың салтанатты ашылуында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл бәсекеде Қазақстан спортшылары бес жүлде жеңіп алды, соның ішінде 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальдар бар.

Алтын медальдарға қол жеткізгендер арасында Асылхан Барменов (Қарағанды облысы), Ардақ Құлжанов (Тараз қаласы) және Қуаныш Мұратов (Шығыс Қазақстан облысы) бар. Күміс және қола жүлделерге жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев пен қарағандылық Бауырдан Әбілқас ие болды.