Александр Колядиннің айтуынша, рейтингті ұпайларға ие болып, паралимпиадалық лицензияны алу үшін паралимпиадашыларда халықаралық сайыстарға бара алатындай мүмкіндік жоқ.
«Кубоктық ұпайларға ие болу үшін халықаралық сайыстарда бақ сынау керек. Ал егер кубоктық ұпайлар Әлем Чемпионатына жол ашатын есік десек, сәйкесінше ол арқылы Олимпиадаға да лицензия беріледі. Бірақ, Әлем кубогы секілді халықаралық сайыстарға шығатын мүмкіндігің болмаса, сен тиісті ұпайды ала алмайсың да, Чемпионатқа да, Олимпиадаға да бара алмайсың. Сіздер, неліктен екі жыл үзіліс болды деп сұрадыңыз? Оның бәрі менің қолымда емес еді, қаржыландырудың болмауынан. Халықаралық сайыстарға бара алмағандықтан, үлкен үзілістер болып тұрады. Міне, қиындық қайда жатыр. Бәрі де қаржыландыруға байланысты», - деді «Qazsport-та қонақта» бағдарламасына берген сұхбатында Александр Колядин.
Сонымен бірге, чемпион паралимпиадалық құраманың резерві тұрғысынан да мәселе барын жасырмады. Қазіргі уақытта паралимпиадалық медальға ие болғандардың орташа жасы 45-50-де. Оның айтуынша, Қазақстанда жас паралимпиадашыларға спорттық карьера құру үшін айтарлықтай жағдай жасалмаған. Сонымен қатар, Александр елімізде паралимпиадашыларды дайындайтын бапкерлер аз екенін атап өтті.
«Жас жігіттер тәжірибе алып, оларды спортқа тартарлық жағдай жасалса дейміз. Бізде ауыстыратын адам жоқ. Егер белгілі бір паралимпиадашы жарақат алып қалса, оның орнына апаратын келесі спортшы жоқ. Біреу жарыстан шығып қалады да, ақыры эстафета да жоқ болып шығады. Эстафета жоқ - демек, команда да жоқ. Жас спортшылар баршылық, бірақ бізде олар жаттыға алатындай инфрақұрылым бар деп айта алмаймыз. Бапкерлеріміз мүлде жоқ. Паралимпиадашылар туралы айтып отырмын. Бұл ретте мүлде бөлек құрылым, басқа эмоционалдық және физикалық мүмкіндіктер керек. Бұл спортта кезінде қайғыдан өткен адамдар жүргендіктен, ерекше амал қажет», - дейді чемпион.
Сұхбатының соңында «Паралимпиада-2018» жеңімпазы өкінішпен Қазақстанның паралимпиадалық медальдарды бағалай қоймайтынын айтты.
«Мемлекетке өтініш айтар едім. Әлбетте, барлық қолдауға алғысым шексіз, бірақ медальге деген қарым-қатынас өзгешелеу, яғни олимпиадалық және паралимпиадалық медальдарға көзқарас екі түрлі. Мәселен, шетелде паралимпиадалық медальдарға зор құрметпен қарайды. Ал бізде керісінше, олимпиадалық медальарды алға қояды. Паралимпиадашылардан гөрі олимпиадашыларға баса назар аударады», - дейді Александр Колядин.
Еске сала кетсек, қазақстандық шаңғышы Александр Колядин Пхенчхандағы Паралимпиадада алтын медальды жеңіп алған болатын. 14 наурызда өткен шаңғы жарысы Қазақстан үшін жеңіспен аяқталған. Классикалық әдіспен 1,5 шақырымдық спринтерлік шаңғы жарысында жарысқан спортшылар арасында қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде де, жартылай финалда да үздік болған еді. Александр Колядин финалда 4 минут 19,7 секунд нәтижесін көрсетіп, алдына жан салмады. Күміс медаль жапониялық Йошихиро Ниттаның еншісінде кетсе, «қолаға» Канада өкілі Марк Арендз және Финляндиядан Иикк Туомисто қол жеткізген болатын.