Бұл туралы бүгін тілшілерге ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі басшысының орынбасары Елсияр Қанағатов мәлім етті.
«Қазір ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі спорттық шараларды ұйымдастыру кезінде мемлекеттік символдарды қолдану ережелерін жасақтады. Қазіргі уақытта ол Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісілді. Ал жақын арада ел Үкіметімен бекітіледі деп күтілуде. Онда республикалық және халықаралық жарыстарда спортшыларымыздың барлық іс-қимылдары белгіленген», - деп атап көрсетті ол.
«Ұлттық штабтық командалар тарапынан әрбір спортшыға, әрбір командаға әнұранның сөзі жазылған әдістемелік құралдар берілді. Олимпиадалық ойындарға қатысудың алдында біз әр спортшыны әнұранды білуге міндеттеп, оны қадағалаймыз», - деді Е. Қанағатов.
Бұл шешім Кувейтте «Борат әнұраны» оқиғасынан кейін қолға алына бастады.
Естеріңізге сала кетейік, чемпионатта қазақ спортшысы Мария Дмитриенконы марапаттау кезінде Қазақстанның әнұранының орнына американдық «Борат» фильміндегі ән қойылған еді. Осыдан кейін Қазақстан тарабы ұйымдастырушыларға шағым түсірді.